Нагашы Апа
|
Менің нағашы апамның өмірден озғанына бір жыл толды.Күнделікті қарбалас тіршілікпен байқамағанмен, кейде өзіммен өзім ойланып отырған кезде қарап отырсам өмірімнің бір кезеңі келмеске кеткендей болады. «Нағашы апа бәрімізде де бар.Мұның апасының не артықшылығы бар?»дерсің,оқырман.Мақтауға Жаратушыдан қорқамын.Бірақ ол кісі туралы сағаттар бойы тоқтамай айта беруге бармын.Заманында «Ақ Айман» атанған 94 жасқа келген кейуана сол аппақ ,сұлу , кербез қалпында болған еді. Көз жанары да өткір.Ал әңгімесі -өз алдына бір дүние. Қай әңгімесін болса да «баяғыда» деп бастайды . Сөздің екпінін «я» әрпіне қояды. «Қарағым»деп мейірлене айтатын сөзі де ерекше.Бұл сөзде екпінді екінші буынға келтіретін.Өзі екі тақырыпқа әңгіме айтуды ұнататын. Бірі- жолдасы өмірден ерте кетіп,төрт баласын тәрбиелеген анасы Ұмсынай туралы, екіншісі «біздің Хамза жарықтық»деп қайтыс болғанына 70 жыл болған жұбайы туралы еді.Кім білсін, екеуі де қимас, есіне алса жанын жадырататын жандар болғандықтан шығар.Әйтеуір аузынан тастамайтын.
Бала кезімде апам аулаға кіргеннен «апа,біздің үйге қонасың ба ?»деп сұрайды екенмін. «Иә»десе жүгіріп барып құшақтайды екенмін де, «жоқ»десе бұрылып,ренжіп кетіп қалады екенмін. Сол жайды жиі есіне алып күлетін.Өйткені , қаннан беріле ме екен,менің қызым да ол кісі үйге келген кезде үнемі сол сұрақты қояды екен.Апамыз үйде қанша күн болса да қасында ұйықтап, жанында жүретінмін.Ол кісінің үстінен ,киімінен қалампыр иісі бұрқырап тұрушы еді.Қалампырдың не екенін ауыл баласының бәрі де біледі-ау деп ойлаймын.Сол иіс әлі мұрныма келетін сияқты. Менде ол кісінің «денеңе жеңіл әрі жұмсақ»деп берген
1-2 көйлегі және анасының, яғни нағашы әжеміздің жайнамазы бар.Бір ғажабы –оларды қолданып жүргендіктен қанша жусам да,сол керемет иісімен тұр.
«Мен апамды балалық кезімнен бітісіп бірге келе жатқандықтан жақсы көретін шығармын» деп ойлайтынмын. Сөйтсем оны барлық ағайын ,олардың балалары,менің балаларым жақсы көрген екен. Қазір олар «ақ мама сөйтуші еді.Былай болғанда былай ететін,солай деп айтатын» деп жиі айтатын болып жүр.Сағынып жүрген тәрізді.Әсіресе қызым. Баяғы мен секілді апам үйге келген кезде екеуі құшақтасып,әңгімелесіп отыратын.Аяқ астынан келген күнде де апамның қалтасынан әйтеуір бір кәмпит болса да табылатын. Қызым мәз болып «ақ мама, сіз берген кәмпитті жеп отырмын.Мен де тоқсан келем ғой ,иә» дейтін.Апамыз қызыл иегін көрсетіп күліп,мәз болатын.Апамның қасында өзімді әлі бала сезінетін едім. Осы кісі қасымда болғаннан да болар өз анамның өмірден кетуін де өмір заңы ретінде қабылдадым. Қатты егіліп, мүжілмедім.Өйткені жанымда қайратты, қай қиындық болмасын артынан қайырын сұрар,жолдасынан ерте айрылған,жалғыз қызының да ажалын қасқая тұрып қабылдаған жүрегі ақ, көңілі кең ,аузында «бір Алласы» бар нағашы апам болғаннан шығар.Апамның өз ұл –қызынан тараған немере-жиендері,шүкір,жетеді. Дегенмен оның кең жүрегінде бала атаулыға, «апа» деп жылы қараған адамның бәріне де жететін шуақ , мейірім,жылылық бар еді.Жаның жұмақта болсын ,апа !Өзің берген жайнамаз үстінде тұрып, Алладан тілер тілегім осы.
|
|
|