|
Жүрекжарды
Тура өңімдегідей...
|
Түсінен шошып оянды.Жаны қысылып,қиналып жатыр екен.Тілі күрмеліп барып, «Биссмилла» деді.Анасы айтатын «түнде нашар түс көріп ,оянсаң, басыңды сол жағыңа бұрып, «Биссмилла» деп үш рет айт та, келесі жағыңа аударылып жат»деп.Бұның бір-ақ рет айтуға ғана шамасы келді.Аударылып жатты.Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жұбайына қызыға қарады.Ұйқысы қашып кетті. Есіне көрген түсі қайта оралды. Жүрегі өрекпіп, бір нәрсе ылқып келіп, алқымына тығылды.Орнынан тұрып,жуынатын бөлмеге барып, бетін салқын сумен шайғандай болды.Қолдары мұны тыңдағысы келмейтін сияқты. Әлі дірілдеп тұр. Түстің әсері басылар емес. Айнала қып-қызыл от.Отқа оранған адамдар мұны да өздерімен бірге алып кетпекші.Бұл болса қарсыласып, жанталасуда. «Бұл-тозақ» дейді біреу құлағына сыбырлап.Түсі болғанына қуанғанымен,ішкі үрей басымырақ боп тұр. Не істерін білмей тұрды да, балаларының бөлмесіне кірді. Қастарына жақындап, беттеріне үңіле қарады. Күні бойғы ойын қойсын ба ,пысылдап ұйықтап жатыр. Үстерін қымтағандай болды. Жүрегі орныққандай ма , қалай? Әшейінде «елдің баласындай емессіңдер»деп көңілі толмай ұрсатын балалары, қиналғанда бұған жұбаныш болғандай.Басының артқы жағы қайтадан шаншыды. Соңғы кезде мазасын алыңқырап жүр.Мән бермеуге тырысатын еді. Енді мына түстен кейін бұл өмірге қонақ екенін түсінгендей ме ? Бұрын ажал,жұмақ,тозақ сөздерінің мағынасына мән бермейтін. Бұған қатысы жоқ, алыстағы өмірде болатын нәрселердей сезінетін. Жоқ , тіпті де алыста емес , жанында екен. Мына өмірдің өзі уақытша нәрсе екен-ау. Әкесі қайтыс болған кезде «ажал» атты қара сұмдықтың бөлме ішін аралап, қасына жақындап келгенін сезген, бойы суық тартқан.Бұл әкесінің суып қалған қолын ұстаған кезде,ажал мұның қолынан ұстағандай болып еді. Өмірінде ауырып көрмеген әкесінің аяқ астында төсек тартып жатып қалып, тез арада өле қоюы көңіліне қонбады. Біреулерден ата-анасының ұзақ уақыт ауырып, дәрі іздеп,әуреге қалғандарын еститін. Бұлар ондай әуреге де түспеді. Әлде әке шіркін білдірмей жүре берді ме ? Кім білсін ? Әйтеуір бұған ажал үйіне адасып кіріп, таңдауын әкесіне салғандай сезілді.Көпке дейін ол жатқан бөлмеге кіре алмай жүрді. Құдды сол бөлмені әлгі «сұмдық» кезіп,масайрап жүргендей болып еді. Сол сезім бойын қайта билеп,аяқ-қолы бұған бағынғысы келмеді.Жатын бөлмеге кіріп,төсегіне жатуға жүрегі дауаламады.Түсі жалғасын тауып , мұны біреулер тағы да әуреге салатындай көрінді.Ас үйге барып,салқын су ішіп, әрі-бері отырды.Терезеден далаға көз салып,түнгі қалаға қарап,ойланды. «Бастырылып қалдым ба екен? Бұл түс неге көрінді? Нені қате жасадым?» Соңғы рет кіммен ренжісті ? Айтарлықтай ештеңе жоқ..Күнделікті өмір барысындағы тірліктер. Анасымен күнде телефонмен сөйлесіп отыр. Апта сайын бауырларымен хабарласады.Отбасындағы өмірі де бәз-баяғыша. Әлде басы жай ауырмай,түбіне жетпекші ме ? Сондықтан бұл түс «дайындал»деп беріліп тұрған белгі ме? Ертеңнен қалмай дәрігерге барады.Не ауру , не сау екенін анықтатады.Ажалы тап осы аурудан болса оны да көреді.Ана дүниеге жөнеліп жатқанның алды-арты бұл емес. Талай дүлдүлдер бұл өмірден өтіп жатыр. Бұл кім олардың жанында? Бұлайша уайыммен күн кешкеннен не болады?
Шаншыған басын қолымен сипап бірнәрсе айтқысы келіп еді,ойына ешнәрсе түспеді. «Биссмилладан» басқа ештеңе де білмейді екен.«Құдайым,сақтай гөр!Осы уақытқа дейін қиналғанда ғана Өзіңді еске алған екенмін.Сосын қайтадан күнделікті тірлікпен жүре беретінмін.Сонда да мені тастамай, көмегіңді беретінсің.Бүгін де қиналып отырмын,Өзің жар бола гөр!Мен әлі балаларыма қажетпін.» деп өзінше әр-нәрсені айтып күбірледі. Анасынан осы уақытқа дейін ешнәрсе үйреніп алмағанына өкінді. Ертесіне мешітке бармақшы боп шешті. Өз шешіміне өзі куанып,бойы жеңілдегендей болды.Осы оймен жатып, қалай ұйықтап кеткенін де байқамады.
|
|
|
|