Ана тілі
|
«Сократқа у ішкізген, Ионна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?-ол көп,ендеше көпте ақыл жоқ.Ебін тап та жөнге сал.» деген екен ұлы Абай.«Көп – қорқытады, терең-батырады» деген сөзге керісінше айтылған аталы сөз.Аздың көпке шамасы жетеді екен.Әрине білімі,қайраты болса ғана.Көпті тоқтатар нық сөзі,қуаты қажырлы болса ғана.Көп - өзен секілді .Өз бағытымен,арнасымен ағып жатады.Жолын бөгеп,арнасын бұрсаң,бағытын өзгертеді.Арнаны өзгертетін-азшылық.Ал сол аздың өз айналасы біз ойлағандай болса. Әйтпесе «елім, жұртым» деп кеудесін соққандардың отбасы өз тілінен , салтынан мақұрым , күнделікті өмірі ұлттық бояудан ада екенін көзіміз көріп жүр. Көшеде кездескен екі қазақтың сөзінің басы көңіліңді қалдырады.Кейде «осы мен пессимист боп барамын ба? Бәрі де мен ойлағандай ана бір жаман емес те сияқты» деп өзімді жұбатамын да,басқа туысқан елдердің өкілдерімен кездескен кезде көңілім қайта құлазиды. Жақында көршілес елдің Омбы облысынан келген 86 жастағы кейуанамен дастархандас болдым.Қаламызға келгеніне көп болмапты.10 бала тәрбиелеген ананың үстінде камзол,басында ақ жаулық.. Жас шамасына қарамастан әжей тілегін анық айтып, ертедегі мен бұрын соңды есітімеген қиссаны жатқа оқыды. Жас қыздың атасындай адаммен атастырылуы туралы екен. «Есіңізге осыншама ұзақ қиссаны қалай сақтағансыз?»деген сұрағымызға «Бұл- менің қысқа қайырғаным»деп жауап берді.Салтымызды қатты ұстанады екен. «Елге келіп, қос тілде сөйлеп жатырмын»деп қызыл иегін көрсетіп балаша күледі.Екі тілде сөйлегеніне мақтанып отырғандағысы. Мақтанса мақтанғандай! Бұл – көпшілік жете алмай отырған жетістік. Сол жерде отырған Қытайдан келген екі қандасымыздың қазақша сөйлеп, тарту ретінде салған әндері онсыз да тызылдап тұрған жарама тұз сепкендей болды. Өйткені арамызда ана тілін білмейтіндер қаншама? Сәнді болып тұрған шет тілін қабылдаған басымыздың өз тілімізді қабылдамауы ақылға сыймайтын сияқты.Сәнді деуім де қателік болар,қажеттілік дер едім.Әрине,қажет нәрсені жаның қысылғанда тез үйренесің ғой.Әлде мәселе рухта ма екен? Сол рух тек ана сүтімен ,бесікпен санамызға еніп ,одан кейін енуі қиын ба екен? Уақыт өткізіп алған адамға рухтан гөрі жат нәрсені тез қабылдау жеңілірек пе? Бала «шыр» етіп жерге түскеннен бастап, онымен ана тілінде сөйлесу қажет секілді.Бұл- айта-айта жауыр болған тақырып. Тіл үйрену курстары да бар. Бірақ,талап болмаған жерде бәрі де бос әурешілік екен.Өйткені білсем деген адамға үйрену жолы көп.Дегенмен «үмітсіз-шайтан» деген.
|
|
|