Жүрекжарды / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него. Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры












Жүрекжарды



Мені толғандырған ойлар

Блог Zhurekzhardy Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация




Басқаны қайдам,өзім бала кезімде жаңа жыл мерекесінен қорқатын едім.Жақындаған сайын берекем кетіп,жүрегім қаттырақ соғатын.Сондағы қорқынышым- бізді құттықтап,сыйлығын беруге келген сақалды шал.Бала бақшасындағы шыршада тақпағымды тәрбиешімнің артына тығылып, етегінен қатты ұстап тұрып айтатынмын.Әшейінде ауыз жаппайтын, барлық шараның көркі болып жүретін тақылдақтың шыршада дауысы шықпай қалатыны бәрінің күлкісін келтіретін.Ал мен шынымен қорқатынмын.Сыйлығымды да Аяз атаның емес, тәрбиешінің қолынан алатынмын.
Бір жылы 31 желтоқсан күні үйге ата-анамның достары жиналды. Үй іші безендірілген,шырша ортада , дастархан жаюлы,адамдар шат-шадыман.Мен ерекше мәзбін. Үйдің кенжесі болғандықтан елдің көңілі менде әрі сақалды шалдың сол кезде үйіме келмейтініне сенімдімін.
Үй -іші менің жайымды білетін, қорқынышымнан хабардар еді. Ортада өлең айтып ,мәз болып тұрған мен бір кезде бәрі тынышталып, біресе маған,біресе есікке қарағанын байқап қалдым.Есікке жалт қараған мен ақ қапшығын арқалап келіп тұрған сақалды шалды көрдім.Көзіммен анамды іздеп ,оны таппағасын жүгірген бойы диванда отырған әкемнің құшағына кіріп кетіп,екі көзіме ерік бердім.Жылай-жылай ұйықтап қалыппын. Таңертеңгі шай үстінде анам кешегі шал киімін киген өзі екенін,қонақтар көңілді болсын деп ұйымдастырғанын айтты. «Саған соншалықты қатты әсер етеді деп ойламадым.Қайта Аяз атаның жоқ екенін , оның киімін киіп әркім де Аяз ата бола алатынын саған көрсеткім келді. Қорықпа.Сенбесең,бар қара- шифоньердің ішінде кешегі киім жинаулы тұр.» Жүгіріп барып,шифоньерді ашқанымда ақ жиегі бар қызыл шапанды көрдім.Көре сала ,есігін қайта жаптым.Сол киімді кимек түгілі,ұстаған адам қорқынышты шалға айналатындай көрінді.Осыны айтқанымда анам «Сенің қиялыңмен кино түсіруге болады екен»деді . «Апа,өмірде жоқ болса ,неге жыл сайын сол киімді киіп адамдар бір-бірін алдайды ?» деген сұрағыма апам күлді де қойды.Содан кейін қаншама жаңа жылдық шырша өтті .Өмірде жоқ Аяз атадан мен де қорықпайтын болдым.Апам да Аяз ата болуын қойды.
Кейін Наурыз мейрамын тойлайтын дәрежеге жеттік.Анам кимешек камзолын киіп мерекелік шараның ортасында жүретін. «Ай,апа-ай,біресе Аяз ата,біресе Көктем-ана боласыз.Ерінбейсіз,а?»дегеніме ол «Ерігіп жүр дейсің бе ? Халыққа аз күн болса да мейрам,қуаныш керек.Біз не көрмедік?» дейтін.Өмірде көргені көп,комсомол мен партияның әртүрлі саласын басқарған анам әңгімесін әріге апармай , осылайша қысқа қайыратын. Жылдар өтті.Бала-шағалы болдық .Анам зейнеткерлік демалысқа шықты.Әйтсе де Наурыз мерекесінде киіз үй тігіп, үлкен қазанға наурыз көжесін дайындап ,қыз-келіншектердің қолөнерінен, әннен,тамақ дайындаудан әртүрлі жарыстарын өткізіп , халықтың алғысына бөленіп жүретін.Тіпті киіз үйдің ішіндегі атауын бұрын естімеген төсеніш,ою, жүзік ,басқа да тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдарды көріп, «Апа, мынаның бәрін қайдан білесіз?Мұның бәрі бұрын бала кезіңізде болған шығар? Соншама жыл бойы қалай ұмытпай келгенсіз ?» деп таңырқасатынбыз.
Бірде анам «Жаңа жылға келсеңдерші,Аяз атаның шапанын дайындадым, көршілеріме, туыстардыкіне барамын.Балаларың да бірге қызықтасын» деді.Жасы 70-тен асқаннан бері ауырып,денсаулығы сыр беріп жүрген анама қарсы ештеңе демедім. Небір-небір қорқынышты фильмдерді көріп жүрген балаларымның анам киген қызыл шапаннан қорықпасына сенімді едім.Сөйтіп 31 күні «ауыл қайдасың?» деп отбасымызбен тартып кеттік.Бала-шағамызбен у-шу болып,дастархан басына жиналып,мәз болыстық. Дастарханнан тұрған соң «Ал,балалар, өнерлеріңді дайындаңдар. Қазір Аяз ата келеді»дедік.Есейген балалар жымың-жымың етеді.Өйткені олар Аяз атаның кім екенін біліп жүр.Кішкентайлар аң-таң.Шырша әдеттегіше әрбір үйдегідей қонақ бөлмеде құрулы.Бәріміз «Аяз атаны» күттік.Шулап шақырған болдық.«Аяз атамыз» келді-ау.Заман өзгергенмен бала қай заманда да бала екен.Соған анық көзім жетті. «Не болды?»дейсіз ғой. Соның алдында ғана құлдыраңдап ойнап, мәз болып ,шыршаны қызықтап жүрген менің кішкентай қызым үнсіз қалды.Түрі кәдімгі көжек секілді.Білетін бір-екі өлең,тақпағын айту былай тұрсын, сыйлық берейін деп шақырған кезде қашқақтай бастады.Жеңгем жайлап екі қолтығынан көтеріп, «Аяз ата»-әжесіне жақындатып апарды.Сол фото әлі сақтаулы.Бәріміз мәзбіз.Ал қызымның көзіндегі қорқынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Аяз атаға» қарап қатып қалған.Бәрі жан-жақтан «Қорықпа.Бұл-әже ғой. Аузындағы алтын тісін көрмейсің бе ?»деп шулап жатыр.Кейін қорқынышы басылғаннан кейін қызымның айтатыны ғой «Аяз атада алтын тіс жоқ па не ?» деп.Қазір сол фотоны көрген кезде айналасына ерінбей мерекелік көңіл-күй сыйлап жүретін,әсіресе менің және қызымның есінде қатты сақталған «Аяз атаны» сомдаған марқұм әжемізді еске алып қоямыз.
Елім еркіндікке қол жеткізіп, ұмыт болған дәстүрін жаңғырта бастады.Мүмкін күндердің күнінде ата-бабам мүлдем білмеген , халқыма жат,өзімнің , қызымның көңіліне қорқыныш ұялатқан Аяз ата да келмеске кетер ...

Терезеден көзім далаға түсіп еді- сол бір кішкентай бала өзінен сәл кіші домбырасын иығына асып,жай басып келе жатыр екен.Күндегі көрініс. Осы уақытта сол бала домбырасын иығына асып келе жатады. Аяғын жай ғана басып.Тоқтай қалып жол бойында өсіп тұрған ағаштың жапырағын ұстап,сосын мұрнына тақап иіскеп көрді.Күз кезіндегі теректің шайыр иісі.Ол иісті мен де ұнатамын.Күнде осы көріністі көрген сайын дайындап жатқан түскі асымды қоя сала , сол баланың жанына барып,тілдескім келеді.Мен оны танымасам да ол маған жақын адамдай.Екеуіміздің бір жақындығымыз бар секілді.Күнде домбыра сабағына барады.Мен де сазды ұнатамын.Саз мектебіне мен де барғам. Тек фортепиано сыныбына.Анамның сұрауы бойынша. Әрі үйге сол қиындау кезеңге қарамастан пианино алынды.Қиындау демей қайтейін.Әкем мен анамның жалақысын қосқанда үйге айына 160 сом табыс келеді екен.Бір үйдегі алты жан сол табыспен бақытты күн кештік.Әкем марқұм ән айтатын. Оның орындаған «Сұршақызы» әлі құлағымда.Анам домбыра тартатын.Қателеспесем 1957 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Москва қаласында өткен өнер он күндігінде Гурьев облысының 500 адамнан тұратын ұлт аспаптық оркестрінің құрамында болған.Тіпті жеке ән орындаған.Алғыс хаттары әлі сақтаулы.Соның әсері ме домбыра шертетін болдым. Бала кезімнен «Қолына домбыра ұстаған адамнан жамандық күтпе» деген сөз есімде қалыпты.Кімнен естігенім жадымда жоқ. Бірақ өзіме домбыраға,әнге жақындығы бар адамдар ұнайды.Домбыра ұстамаған адам ұлттық болмысымызды түсінбейтіндей көремін.Бірін айтып біріне кеттім-ау.Анам пианино алдырды үйге.Қарызға.Пианино жаңа емес ,қазіргі тілмен айтқанда «б/у».Сосын ақшасын бөліп-бөліп төледі.Бір жыл бойы.Жарықтық әзілдеп «Менің алиментім»дейтін.Қарапайым үйіміздің сәні де, мақтанышы да сол пианино болды. Анамның көңілін қимай пианино үйренуге тура келді.Ал көңілім домбыраны ұнататын.Бірақ біз ата-ана тілегі бірінші орында тұрған ұрпақ едік.

Анада күн қатты жел болды. Домбыра баланы қайта-қайта кері жұлқып,жүргізбеді.Бұл сонда да алға баса берді.Бүгін күн жаңбырлы. Сонда да бала көңілді келеді. Ол мұрнына жапырақты тақаған кезде үйде,терезеден қарап тұрған менің мұрныма теректің әдемі иісі келді.

Кім біледі,бұл бала тағы бір Нұрғисамыз болар маңдайымызға біткен.

Менің нағашы апамның өмірден озғанына бір жыл толды.Күнделікті қарбалас тіршілікпен байқамағанмен, кейде өзіммен өзім ойланып отырған кезде қарап отырсам өмірімнің бір кезеңі келмеске кеткендей болады. «Нағашы апа бәрімізде де бар.Мұның апасының не артықшылығы бар?»дерсің,оқырман.Мақтауға Жаратушыдан қорқамын.Бірақ ол кісі туралы сағаттар бойы тоқтамай айта беруге бармын.Заманында «Ақ Айман» атанған 94 жасқа келген кейуана сол аппақ ,сұлу , кербез қалпында болған еді. Көз жанары да өткір.Ал әңгімесі -өз алдына бір дүние. Қай әңгімесін болса да «баяғыда» деп бастайды . Сөздің екпінін «я» әрпіне қояды. «Қарағым»деп мейірлене айтатын сөзі де ерекше.Бұл сөзде екпінді екінші буынға келтіретін.Өзі екі тақырыпқа әңгіме айтуды ұнататын. Бірі- жолдасы өмірден ерте кетіп,төрт баласын тәрбиелеген анасы Ұмсынай туралы, екіншісі «біздің Хамза жарықтық»деп қайтыс болғанына 70 жыл болған жұбайы туралы еді.Кім білсін, екеуі де қимас, есіне алса жанын жадырататын жандар болғандықтан шығар.Әйтеуір аузынан тастамайтын.
Бала кезімде апам аулаға кіргеннен «апа,біздің үйге қонасың ба ?»деп сұрайды екенмін. «Иә»десе жүгіріп барып құшақтайды екенмін де, «жоқ»десе бұрылып,ренжіп кетіп қалады екенмін. Сол жайды жиі есіне алып күлетін.Өйткені , қаннан беріле ме екен,менің қызым да ол кісі үйге келген кезде үнемі сол сұрақты қояды екен.Апамыз үйде қанша күн болса да қасында ұйықтап, жанында жүретінмін.Ол кісінің үстінен ,киімінен қалампыр иісі бұрқырап тұрушы еді.Қалампырдың не екенін ауыл баласының бәрі де біледі-ау деп ойлаймын.Сол иіс әлі мұрныма келетін сияқты. Менде ол кісінің «денеңе жеңіл әрі жұмсақ»деп берген
1-2 көйлегі және анасының, яғни нағашы әжеміздің жайнамазы бар.Бір ғажабы –оларды қолданып жүргендіктен қанша жусам да,сол керемет иісімен тұр.
«Мен апамды балалық кезімнен бітісіп бірге келе жатқандықтан жақсы көретін шығармын» деп ойлайтынмын. Сөйтсем оны барлық ағайын ,олардың балалары,менің балаларым жақсы көрген екен. Қазір олар «ақ мама сөйтуші еді.Былай болғанда былай ететін,солай деп айтатын» деп жиі айтатын болып жүр.Сағынып жүрген тәрізді.Әсіресе қызым. Баяғы мен секілді апам үйге келген кезде екеуі құшақтасып,әңгімелесіп отыратын.Аяқ астынан келген күнде де апамның қалтасынан әйтеуір бір кәмпит болса да табылатын. Қызым мәз болып «ақ мама, сіз берген кәмпитті жеп отырмын.Мен де тоқсан келем ғой ,иә» дейтін.Апамыз қызыл иегін көрсетіп күліп,мәз болатын.Апамның қасында өзімді әлі бала сезінетін едім. Осы кісі қасымда болғаннан да болар өз анамның өмірден кетуін де өмір заңы ретінде қабылдадым. Қатты егіліп, мүжілмедім.Өйткені жанымда қайратты, қай қиындық болмасын артынан қайырын сұрар,жолдасынан ерте айрылған,жалғыз қызының да ажалын қасқая тұрып қабылдаған жүрегі ақ, көңілі кең ,аузында «бір Алласы» бар нағашы апам болғаннан шығар.Апамның өз ұл –қызынан тараған немере-жиендері,шүкір,жетеді. Дегенмен оның кең жүрегінде бала атаулыға, «апа» деп жылы қараған адамның бәріне де жететін шуақ , мейірім,жылылық бар еді.Жаның жұмақта болсын ,апа !Өзің берген жайнамаз үстінде тұрып, Алладан тілер тілегім осы.

Түсінен шошып оянды.Жаны қысылып,қиналып жатыр екен.Тілі күрмеліп барып, «Биссмилла» деді.Анасы айтатын «түнде нашар түс көріп ,оянсаң, басыңды сол жағыңа бұрып, «Биссмилла» деп үш рет айт та, келесі жағыңа аударылып жат»деп.Бұның бір-ақ рет айтуға ғана шамасы келді.Аударылып жатты.Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жұбайына қызыға қарады.Ұйқысы қашып кетті. Есіне көрген түсі қайта оралды. Жүрегі өрекпіп, бір нәрсе ылқып келіп, алқымына тығылды.Орнынан тұрып,жуынатын бөлмеге барып, бетін салқын сумен шайғандай болды.Қолдары мұны тыңдағысы келмейтін сияқты. Әлі дірілдеп тұр. Түстің әсері басылар емес. Айнала қып-қызыл от.Отқа оранған адамдар мұны да өздерімен бірге алып кетпекші.Бұл болса қарсыласып, жанталасуда. «Бұл-тозақ» дейді біреу құлағына сыбырлап.Түсі болғанына қуанғанымен,ішкі үрей басымырақ боп тұр. Не істерін білмей тұрды да, балаларының бөлмесіне кірді. Қастарына жақындап, беттеріне үңіле қарады. Күні бойғы ойын қойсын ба ,пысылдап ұйықтап жатыр. Үстерін қымтағандай болды. Жүрегі орныққандай ма , қалай? Әшейінде «елдің баласындай емессіңдер»деп көңілі толмай ұрсатын балалары, қиналғанда бұған жұбаныш болғандай.Басының артқы жағы қайтадан шаншыды. Соңғы кезде мазасын алыңқырап жүр.Мән бермеуге тырысатын еді. Енді мына түстен кейін бұл өмірге қонақ екенін түсінгендей ме ? Бұрын ажал,жұмақ,тозақ сөздерінің мағынасына мән бермейтін. Бұған қатысы жоқ, алыстағы өмірде болатын нәрселердей сезінетін. Жоқ , тіпті де алыста емес , жанында екен. Мына өмірдің өзі уақытша нәрсе екен-ау. Әкесі қайтыс болған кезде «ажал» атты қара сұмдықтың бөлме ішін аралап, қасына жақындап келгенін сезген, бойы суық тартқан.Бұл әкесінің суып қалған қолын ұстаған кезде,ажал мұның қолынан ұстағандай болып еді. Өмірінде ауырып көрмеген әкесінің аяқ астында төсек тартып жатып қалып, тез арада өле қоюы көңіліне қонбады. Біреулерден ата-анасының ұзақ уақыт ауырып, дәрі іздеп,әуреге қалғандарын еститін. Бұлар ондай әуреге де түспеді. Әлде әке шіркін білдірмей жүре берді ме ? Кім білсін ? Әйтеуір бұған ажал үйіне адасып кіріп, таңдауын әкесіне салғандай сезілді.Көпке дейін ол жатқан бөлмеге кіре алмай жүрді. Құдды сол бөлмені әлгі «сұмдық» кезіп,масайрап жүргендей болып еді. Сол сезім бойын қайта билеп,аяқ-қолы бұған бағынғысы келмеді.Жатын бөлмеге кіріп,төсегіне жатуға жүрегі дауаламады.Түсі жалғасын тауып , мұны біреулер тағы да әуреге салатындай көрінді.Ас үйге барып,салқын су ішіп, әрі-бері отырды.Терезеден далаға көз салып,түнгі қалаға қарап,ойланды. «Бастырылып қалдым ба екен? Бұл түс неге көрінді? Нені қате жасадым?» Соңғы рет кіммен ренжісті ? Айтарлықтай ештеңе жоқ..Күнделікті өмір барысындағы тірліктер. Анасымен күнде телефонмен сөйлесіп отыр. Апта сайын бауырларымен хабарласады.Отбасындағы өмірі де бәз-баяғыша. Әлде басы жай ауырмай,түбіне жетпекші ме ? Сондықтан бұл түс «дайындал»деп беріліп тұрған белгі ме? Ертеңнен қалмай дәрігерге барады.Не ауру , не сау екенін анықтатады.Ажалы тап осы аурудан болса оны да көреді.Ана дүниеге жөнеліп жатқанның алды-арты бұл емес. Талай дүлдүлдер бұл өмірден өтіп жатыр. Бұл кім олардың жанында? Бұлайша уайыммен күн кешкеннен не болады?
Шаншыған басын қолымен сипап бірнәрсе айтқысы келіп еді,ойына ешнәрсе түспеді. «Биссмилладан» басқа ештеңе де білмейді екен.«Құдайым,сақтай гөр!Осы уақытқа дейін қиналғанда ғана Өзіңді еске алған екенмін.Сосын қайтадан күнделікті тірлікпен жүре беретінмін.Сонда да мені тастамай, көмегіңді беретінсің.Бүгін де қиналып отырмын,Өзің жар бола гөр!Мен әлі балаларыма қажетпін.» деп өзінше әр-нәрсені айтып күбірледі. Анасынан осы уақытқа дейін ешнәрсе үйреніп алмағанына өкінді. Ертесіне мешітке бармақшы боп шешті. Өз шешіміне өзі куанып,бойы жеңілдегендей болды.Осы оймен жатып, қалай ұйықтап кеткенін де байқамады.

«Сократқа у ішкізген, Ионна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?-ол көп,ендеше көпте ақыл жоқ.Ебін тап та жөнге сал.» деген екен ұлы Абай.«Көп – қорқытады, терең-батырады» деген сөзге керісінше айтылған аталы сөз.Аздың көпке шамасы жетеді екен.Әрине білімі,қайраты болса ғана.Көпті тоқтатар нық сөзі,қуаты қажырлы болса ғана.Көп - өзен секілді .Өз бағытымен,арнасымен ағып жатады.Жолын бөгеп,арнасын бұрсаң,бағытын өзгертеді.Арнаны өзгертетін-азшылық.Ал сол аздың өз айналасы біз ойлағандай болса. Әйтпесе «елім, жұртым» деп кеудесін соққандардың отбасы өз тілінен , салтынан мақұрым , күнделікті өмірі ұлттық бояудан ада екенін көзіміз көріп жүр. Көшеде кездескен екі қазақтың сөзінің басы көңіліңді қалдырады.Кейде «осы мен пессимист боп барамын ба? Бәрі де мен ойлағандай ана бір жаман емес те сияқты» деп өзімді жұбатамын да,басқа туысқан елдердің өкілдерімен кездескен кезде көңілім қайта құлазиды. Жақында көршілес елдің Омбы облысынан келген 86 жастағы кейуанамен дастархандас болдым.Қаламызға келгеніне көп болмапты.10 бала тәрбиелеген ананың үстінде камзол,басында ақ жаулық.. Жас шамасына қарамастан әжей тілегін анық айтып, ертедегі мен бұрын соңды есітімеген қиссаны жатқа оқыды. Жас қыздың атасындай адаммен атастырылуы туралы екен. «Есіңізге осыншама ұзақ қиссаны қалай сақтағансыз?»деген сұрағымызға «Бұл- менің қысқа қайырғаным»деп жауап берді.Салтымызды қатты ұстанады екен. «Елге келіп, қос тілде сөйлеп жатырмын»деп қызыл иегін көрсетіп балаша күледі.Екі тілде сөйлегеніне мақтанып отырғандағысы. Мақтанса мақтанғандай! Бұл – көпшілік жете алмай отырған жетістік. Сол жерде отырған Қытайдан келген екі қандасымыздың қазақша сөйлеп, тарту ретінде салған әндері онсыз да тызылдап тұрған жарама тұз сепкендей болды. Өйткені арамызда ана тілін білмейтіндер қаншама? Сәнді болып тұрған шет тілін қабылдаған басымыздың өз тілімізді қабылдамауы ақылға сыймайтын сияқты.Сәнді деуім де қателік болар,қажеттілік дер едім.Әрине,қажет нәрсені жаның қысылғанда тез үйренесің ғой.Әлде мәселе рухта ма екен? Сол рух тек ана сүтімен ,бесікпен санамызға еніп ,одан кейін енуі қиын ба екен? Уақыт өткізіп алған адамға рухтан гөрі жат нәрсені тез қабылдау жеңілірек пе? Бала «шыр» етіп жерге түскеннен бастап, онымен ана тілінде сөйлесу қажет секілді.Бұл- айта-айта жауыр болған тақырып. Тіл үйрену курстары да бар. Бірақ,талап болмаған жерде бәрі де бос әурешілік екен.Өйткені білсем деген адамға үйрену жолы көп.Дегенмен «үмітсіз-шайтан» деген.
Аулада балаларыммен келе жатсам әткеншекте 16-17 жас шамасындағы қыз бен ұл бір ыңғайсыздау жағдайда отыр екен.Уақыт болса сағат түскі 12.00 шамасы. Айнала толы ойнап жүрген кішкентай сәбилер. Бәрі де мына тұрпайылау көрініске анда-санда қарап қояды.Немқұрайлық қанымда жоқ еді: шыдай алмадым. «Жастар,не болды? Жандарыңда жүрген балалардан ұялсаңдаршы» дедім. «Одан әрі не болды екен?»деп отырсыз ғой. Ештеңе. Иә,иә,ештеңе. Ұл бұрылып та қарамады.Жақсы, ол ер адам бола қойсын. Ал қыз баланың көзқарасын айтып жеткізе алмаспын. «Тыныштығымды бұзған қайсың?» деген көзқарас.Қалай болғанда да ол - біреудің шаң жұқтырмас аяулы қызы,күні ертеңгі бір отбасының ұйтқысы-келіні екені сөзсіз. Жанымдағы ұлым мен қызыма еріксіз көз тастадым. Отбасында тәрбиелі сөзімді айтып,жеті аталарын түгіндеп, «сендер текті тұқымнансыңдар» деп айтудан жалықпаймын. Олай дейтін себебім- қай қазақтың болмасын арғы атасы не азулы шешен, не ақты ақ, қараны қара деп қараған би, не сөзіне де ісіне де ел тоқтаған батыр болған. Сондықтан қазақтың әр қара баласының қанында тектілік бар. Ал жақсы біз тәрбиемізді берген болайық. Аулаға шығып көрері осы болса , айттың не , айтпадың не. Ал , мынау көрініс шетелдіктерге еліктеушілік. Теледидар мен ғаламтордағы түрлі ақпараттың ықпалы.Әрине ,өзімізді ақтап осылай дейміз. Бәріміз де . «Ұлтыңды сақтаймын десең –қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең- ұлтыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Біздің шетелдіктер туралы көзқарасымызға кереғар пікір.Иә,діні басқа ,тілі басқа Платонды бұл мәселелердің ойландырғанына қарағанда қай замандағы қай ұлттың болмасын негізі –қыз баланың тәрбиесі екені сөзсіз. Ендеше ұлт болашағы қазіргі бала , ертеңгі ана - қыздарымыздың қолында екен.Өздерінің қоғамдағы,адамзат алдындағы осы міндетін қыздарымыз түсіне ме екен ? Біздер – аналар- осы жайды қыздарымызға ұғындырып айтып,жеткізе аламыз ба? Әлде барлығы да-қыз баланың ,ұрпақтың тәрбиесі,имандылық мәселесі-күнделікті қарекет көлеңкесінде қалып қойып жатыр ма ? Ендеше жастарға да ренжи алмайсың. «Бізге айтқан адам болған жоқ.Алайда бәрін өзіміз түсіндік қой» деуі мүмкін менің замандастарым. Ол рас. Қазіргі кездегімен салыстырғанда біздің балалық шағымыз күлгіндеу болды.Бір көшедегі 6-7 үйдің біреуінде ғана теледидар, ал компьютер мен ұялы телефонның атасы да жоқ.Ермегіміз кітап қана еді.1974 жылы қаңтарда әкем жарықтық үйге теледидар сатып алып келді.Теледидарды әрі айналып,бері айналып, артындағы ұсақ тесіктерден ішіне үңіліп,кішкентай адамдарды іздегенім есімде.Балаларыма айтсам - күледі.Ата-анамыз жұмыста. Сабағымызды оқып, қорадағы малға да қарадық,үйді де тап-тұйнақтай қып ұстады.Үйге келе қалған бөтен адамға кім екенін де сұрамастан шай қайнатып та бердік.Әлде соның өзі тәрбие ме екен?Солай ержеттік. «Қызға-қырық үйден тыю» деген екен ата-бабаларымыз.Сол қыздарымызды жамандық атаулыдан тыя алып жатырмыз ба? Көпке күйе жақпайық .Білім жолында , қызметте еңбектеніп жүрген, отбасының ұйтқысы болып отырған қыздарымыз да баршылық. Дегенмен қыз баланы үкілеп өсірген қазақ үшін сол оясыз азшылықтың өзі де жетіп жатыр. Тәрбиені өз отбасымыздан, ертеңіміз-балаларымыздан бастайық,ағайын.
«Ең алдымен анаңа,тағы да анаңа,тағы да анаңа ,содан соң Отаныңа жақсылық жаса.» (Мұхаммед пайғамбар С.Ғ.С.)Жақсылық, қайырымдылық қай кезеңде де адам баласына тән қасиеттер болған.Адам баласын сүт қоректілердің ішінде ең жоғары сатыға көтеріп тұрған да осы қасиеттері ғой ойлаймын. Қолдан келгенше көмек беру –қай адамға да тән. Әсіресе біздің ұлтқа тән қасиет десем қателеспеймін. Тек кейде біреуге жақсылық жасаймыз деп жүріп өзімізді ұмытып кетіп жатамыз. Жарайды.Өз басым біреуге көмектесуге шамам кеп тұрып,көмектеспесем (кейде мойын жар бермейді,кейде уақыт дегендей) ұрлық жасаған адамдай сол адамнан қысылам.Тек мен ғана емес,көп адам да солай-ау.Іспен көмектесе алмағанның өзінде «жақсы сөз- жарым ырыс» деген де бар ғой. Адамның жанына жалау боларлық жылы сөздің де өзінше әсері бар. Көңліңді жадыратып,көтеріп тастайтыны сөзсіз.Тіпті көшеде келе жатып жасы үлкен адаммен жай ғана амандассаң да ,бетіңе күле қарайды. Ауылда өскендікі ме , алдымнан қарсы келген жасы үлкен адамдарға амандаспай,үнсіз өте алмаймын. Анада бір кісі : «Здравствуйте, а разве мы с вами знакомы?» дейді. Басымды шайқап күлдім де , кете бардым. Әй, осы біз , қайда барамыз? «Адамгершілік амандасудан басталады» деп өскен ұрпақ емес пе едік?
Қайырымдылық демекші қазір қайырымдылық қорлары көбейді. Олардың көбейгені жаныңды жұбатады, жүрегіңді қуантады. Әйтеуір біреудің қайғысына басқа адам немқұрайлы емес , әйтеуір жаныңда сенің тағдырың ойландыратын жандар бар деген сөз.Біреу қаржысымен, біреу оң ісімен, ал біреу жылы сөзімен жаныңа демеу болып , ал біреудің құрығанда көмек берсем деген талабы болса – адам деген атымыздың ақталғаны емес пе?! Істері оң болсын деп тілейік!

Әдебиет - әркімнің тісі бата бермейтін дүние.Талай қолына қалам алып,«Әй бәлем , қатырып тұрып жазбасам ба ? Көріңдер,әлі-ақ бәріңді таңқалдырам» деген талай сабаздарың Әдебиет деп аталатын үлкен қақпаның есігін аша алмай кете барды-ау. Солай деп ойлаймын . Мен де сол.Жазғым келеді.Қаламды талай қолыма да алдым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде аудандық газетке шатып-бұтып бір нәрсе жазғаным да бар. Кім білсін, «жас кой,тауы қайтпасын» деді ме, ішінде жарық көргені де бар.Облыстық , республикалық баспалар кері қайтарды .Оларға менің шатпағымсыз да жетіп жатыр.
Еһ,жазған жақсы-ау,оқырманың бар болса. Шығармаң бірінші жолдан-ақ оқырманды еліктіріп әкете алса. Олай болмаса ше? Алғашқы жолдарынан кейін оқымай қоя салса ше? Кей шығарманы оқып бітіргенше,жаның жай таппайды.Кітабың сен қайда болсаң сонда ере жүреді. Апам марқұм ондай кезде «Жеп , тауыса алмай жатырсың ба?» дейтін. Кейбіреуін «Бастадым гой, ақыры немен бітетінін білейін» деп қана оқисың. Құдды бір өзің жазған дүние секілді , бәрі түсінікті. Кейде «Өткен өмірімде жазушы не ақын болған шығармын, одан басқа қайдан білемін» деп ойлаймын. Өйткені біреудің өлеңін тыңдап отырып , ішімнен жалғасы осылай шығар деп ойласам , шынымен де солай боп шығады. Кейде қызым өлең оқып отырғанда , мен жағаласып соңы осылай ма деп тақпақтасам «Сіз қайдан біліп қойдыңыз, шамасы менен бұрын оқып алғансыз ғой» дейді. Әрине , «оқыған жоқпын» деп ақталамын. Біз жай ғана кітапты көп оқыған ұрпақпыз. Оқып қана қоймай, әр шығарма кейіпкерінің кешкен күйін ойша басымыздан өткеріп,сол кейіпкермен бірге оқиғаның бел ортасында жүретін едік. Мектепте партаның үстіне оқулық , астына әдеби кітап немесе қолдан-қолға көше-көше мұқабасы алғашқы түрін жойған «Жұлдыз» не «Жалын» журналын қойып ,біресе мұғалімге қарап,біресе оқулыққа қараған боп кітап оқитынбыз .
Студент кезімде Алматыда алаңға қарап тұрған кітап дүкеніне барып, «Қандай ақынның кітабы жарық көріпті?» деп әдебиеттен қатты хабарым бар адамдай кітап сөрелерін қарайтынмын. Сол жазушы,ақынның ішінде бір де бір танысым болмаса да, кітабының жарық көргеніне қуанатынмын.Танымайтын автор кездессе , қандай адам екенін елестетуге тырысатынмын. Жалпы дүкен ішіндегі қағаз , кітап иісін ұнататынмын.Әлі де солай .
Алматыға алғаш келгеннен-ақ, тағдырдың жазуы ма , қазақтың ақиық ақындарының бірінің қызының үйінде тұрдым. Бір туысыма ренжіңкіреп барғаныммен ( балалық қой, қаланың адамы ауылдан келетін «туристерден» жалығатын да болар) , сол үйге тап болғаныма, туысымның қабағын түйіп,мені үйінен кетуіне мәжбүрлегеніне өзім қатты қуандым.Сырттай сыр бермедім , әрине . Ақынның қызы әдемі сазды даусымен әкесінің ,басқа да ақындардың өлеңдерін оқитын. «Поэзия деген керемет қой!» дейтін. Иә, сөз жоқ , керемет! Қазақтың қара сөзіне , жырына не жетеді !
Оқи – оқи белгілі ақын ағаларымыздың өлеңдерін жатқа айтатын,тіпті әңгіме арасына кірістіріп қосатын болдым .Жалғыз мен ғана емес , өткен ғасырдың ( құлаққа біртүрлі естіледі , екі ғасыр куәсі болу қызық екен) 80-жылдарындағы Алматыдағы қазақ жастарының дені солай болды. Сол кезде ауаның өзі проза мен поэзиядан тұрды ма деп те ойлаймын. Ал қазір ше? Екі жастың басы қосылса қолындағы ұялы телефонның қайдан, қалай шыққанын(өзінің жеті атасын дәл солай білмейтін болар-ау) және оны қадір-қасиетін құдды адамды мақтағандай ғып шарықтатады-ау.Немесе интернеттегі жаңалық , оны-мұны дегендей Әйтеуір «Осындай кітап оқыдың ба, әлде мына өлең саған қалай?» деп айтпайды.Бірақ ренжи алмайсың.Осы ойымды айтқан кезде маған бірде балам «мүмкін компьютер, ұялы телефон болмағандықтан кітап оқыған шығарсыздар. Басқа ойларың бөлінетін ештеңе болмағасын» деген.
Солай болса , болар . Бірақ үйге баламның мен танымайтын жолдасы келе қалса, «Абайды оқыдың ба? Ең болмаса қара сөздерін ше? «Абай жолын» ше?»деп сұрайтын әдетім бар.Маған салса бала бақшадан бастап,бүкіл мектеп бағдарламасын қамтитын оқу жүйесіне «Абайтану» деген пән ендірер едім.Өйткені Абайды оқымай қазақтың болмысын білу мүмкін емес секілді.
Бұрынырақта адамдар бір-біріне хат жазатын. Үлкен-кіші жаппай . Әлі есімде бесінші сыныпта оқыған кезімде көрші ауданда тұратын туысымыздың менімен құрдас баласы маған хат жолдапты . Хаттың басы «Халің қалай , ауданда не жаңалық бар ?» деп басталыпты. Шамасы не жазарын білмей әкесінен сұраған , не үйіне келген біреудің хатын оқыған шығар деп ойладым.Қатты күлгенім есімде. Ауданның мал шаруашылығының жетістігі оған неге керек екен деп. Әйтеуір ауа-райы туралы сұрамапты. Өйткені екі ауданның арасы 60 шақырым. Екеуміз хат жазысатындай қатты дос та болған емеспіз. Осы күні ойлаймын бұл- хат жазуға деген қызығушылық болар. Бір-бірін ұнатқан жас та (тіпті мектеп партасындағы), алыста жүрген студент те , әскерде жүрген солдат та , достар да , ана мен бала да , туыс та -бәрі де хат жазатын . Хатты жай жазып қана қоймай , әр кезде әртүрлі ғып жазуға тырысатынбыз. Осы күні ойлаймын бұл- хат қана емес, жалпы жазуға ,әдебиетке деген құмарлық болар.
Қазақтың тіліне не жетсін! Білсем деген адамға қиындығы болар.Үйренген адамға берері де, үйретері де көп.Қайсыбір кезде жазылған , қандай жазушы қолынан шыққан шығарма , қандай ақынның жыры болсын - әрқайсысы бір дүние.Сынаған кезде жер-жебіріңе жетіп, кірерге тесік таптырмайтын да, мақтаған кезде, Жаратқанның өзі кешірсін, сені асқақтатып жіберетін де -осы қазак тілі.Тіліміз де бай, оқырманымыз да, шүкір, жетеді. Олардың қатарының әлі де көбейеріне сенімдімін .Сондықтан қымбатты жазушы ,қадірлі ақын, жазайық, жаза берейік,шабытымызды тежемейік.Өйткені оқырмансыз болмайсың!

«Адам балалығына қарыздар». Кім айтқаны екені есімде жоқ, бірақ ұмытылмайтын сөздер. Бұрын ойлайтынмын «бұл қалай?» деп. Енді есейе келе түсінгендей болдым. Өміріміздің ең бақытты кезеңі - балалық шақ екені.Өйткені кімнен болсын «ең бақытты кезің қай кез еді?» деп сұрасаңыз ,ол адам алдымен ойланады , сосын жымиып күледі де «әрине,балалық шағым»дейді. Қарыздар болуымыздың да себебі сол- есіңе балалық шақтың бір эпизоды түссе, ойыңа қызық-қызық жайлар келеді де, өзіңмен өзің күлесің . Бала кездегі қатар құрбыңды кездестіріп,өткенді еске алсаң,бір сергіп қаласың.Ең өкініштісі – балалық шақтың қайтып келмейтіні және сол сәттердің қайталанбасын бала кезіңде сезінбегенің.
Ол кезде теледидардан көретініміз- отбасы болып тамашалайтын фильм немесе мультфильм,мұзда мәнерлеп сырғанау чемпионаты, орталық каналдан берілетін «Ал,қане,қыздар!».Қазіргідей сансыз каналдағы кино, компьютер мен ұялы телефондағы , ғаламтордағы түрлі ақпарат болған емес. Менің балаларым осы туралы айтқанымда маған біртүрлі аянышты көзбен қарайды.Шамасы ата-анасының өмірі қандай көңілсіз өткені туралы ойлайды-ау. Қайдан білсін, біз үшін ең бақытты кездің өзі сол балалығымыз болғанын.Қайдан білсін, әр ай сайын келетін «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын», «Жұлдыз»журналдары біз үшін қазіргі ғаламтордан кем емес болғанын.Әсіресе «Жамал апайды тыңдасақ» деген рубрика есімде қалыпты.Өйткені жұмыстан келіп,шаршағанына қарамастан нан илеп, не кір жуып отырған кезде апам маған сол рубриканы дауыстатып оқытып қоятын.
Күнделікті өміріміз де бір сүреңді болды.Таңертең мектепке барасың, түстен кейін үй шаруасымен айналысасың , одан кейін сабақ оқисың.Жыл мезгіліне қарай қыста ауланың қарын күрейсің,малға шөп бересің , қора тазалайсың,көше басындағы кранттан темір шелекпен су тасисың,жазда кішігірім малды бағасың (бұл шаруа сенің қыз бала не ұл екеніңе байланысты емес, кім болсаң да - сол шаруа).Кешкі асқа отбасы төрт көзі түгел жиналады да, ата-анамыз күні бойы не істегенімізді сұрайды.Біз тәптіштеп тұрып айтамыз. Дүниежүзілік этикет тәртібіне орай үндемей отырып тамақ ішу- біз үшін мүмкін емес жағдай. Күн сайын осы.Сыртымыздан тыңдаған адам «тағы да сол әңгіме» дер еді. Ал өзімізге соның өзі қызық болатын.Бұл үйде тек өз отбасымыз болғанда ғана.Ал аяқ астынан күтпеген қонақ келе қалса , нан мен секерімізді қолымызға ұстап,қонақ шайға қанғанша өз бөлмемізде отыра тұрамыз.Оған ренжимейміз де.Өйткені ата-анамыз бала кезімізден «Қонақ ырысын ала келеді»деп құлағымызға әбден сіңіріп тастаған.
Жер-аяғы кеңіген кезде дос-құрбыларыңмен ойнайсың.Онда да тек кешкі 21.00 ге дейін.Одан кешіксең, үйдің есігі ішінен кілттенеді.Ойынның қызығымен жүріп, күннің батқанын да байқамай қалатынбыз.Ал ойынның түрі кө-ө-ө-п еді. Тек қана допқа қатысты ойынның бірнеше түрі болатын- валейбол, баскетбол, пионербол, картошка,жеті таяқ, бес қаңылтыр,тағысын тағылар. Кәмпиттен босаған қаңылтырдың ішіне құм толтырып , мак ойнайтынбыз.Осы ойынның бәрін түгендегенде сағатқа қарайтын уақыт қайда? Апам марқұм есікті кілттеп алатын да , ал әкеміз жарықтық , сол кездің тұзды сөздерін айтып, апама ренжіп,бізге есік ашатын.Бір қызығы- бұл күнде қайталанатын көрініс еді. Әкемнің бәрібір есік ашатынын біле тұра, апам да кілттеуін қоймайтын. Соның өзі қызық еді.Даладан сүмірейе кіргенмен , өзіме тете апайым екеуміз көрпенің астына кіріп алып , сылқылдап күлетінбіз.Таңертең апам шай үстінде қабағын түйіп отыратын, біз де салмақты боп отыратынбыз. Біз күлкімізді еріксіз тежей отырып,көзімізді жерден көтерместен тамақтанатынбыз.Ай,балалық-ай десеңші!
Демалыс уақыты,оның ішінде жазғы демалыс дегенің -ол бір қайталанбайтын күндер. Қой кезек деген сөзді тек ауыл баласы ғана түсінетін. Өз аулыңның қой кезегі ғана болса бір басқа. Көрші ауылда тұратын туысыңның үйіне қыдырып барып, қой кезегіне шығасың.Және бұл - талқыланбайтын тақырып.Барасың - болды нүкте.Қазір үйіңе келген туысыңның баласына қой баққызып көр. Ал біз қолтығымызға бір бөтелке көжені қысып алып, басымызға газеттен жасалған қалпақты киіп , қой соңында жүре беретінбіз. Газет демекші , газеттің атқарған ролі көп еді. Жаңалық көзі,бұқаралық ақпарат құралы екендігіне сөз жоқ. Үйімізде қазақ және орыс тіліндегі газет көп болатын.Анам марқұм мақтанышпен «Үйімізге 13 түрлі газет пен журнал алдыртамыз»деп айтып отыратын.Келген қонақ оқып,орнына қайта жинап қоятын.Қазіргідей шашылып емес, текшелененіп жиналып тұратын. Газеттің қосымша да қызметтері болды. Әсіресе жаздың күні. Қазақстанның өзге өңірінде қалай,білмеймін.Ал менің балалығым өткен батыстың аңызақты облысында басымызға күннен қорғану үшін қалпақ жасап киеміз.Киіп ап,мәз болысып, көшеде жүретінбіз(әрине,бой түзегенге дейін). Үйіміздің терезесін жаздың ыстығынан қорғау үшін ішінен газетпен каптайтынбыз.Шынында,үйдің іші салқындау боп тұратын сияқты еді.Әлде бізге солай көрінді ме ?Ал кешке қарай ызылдаған сары масаның шабуылынан қорғану үшін қолымызға сол газеттен желпуіш жасап алатынбыз.Ұмытып барады екенмін.Үйге кірген қара шыбындар да сол газеттің құрбаны боп кете баратын. Кез келген газетті алады екен деп ойлап қалмаңыз. Келгеніне көп уақыт болған, жинаққа сыймай тұрған,ата-анамыз оқып,ішіндегісін әлдеқашан талқылап тастаған ,түсі сарғая бастаған газет.Қазіргі замандағы ғаламтор да, жазғы бас киім де,жалюза да, масадан қорғаныс кремі мен шыбын өлтіргіш «Райд»та-барлық қызметті газет атқаратын еді.Әлі күнге дейін қонақ бөлмеге газет,журнал жинап қойғанды ұнатамын.Қаншама жасым ұлғайды деген әр адамның бойынан балалығындағы әдеті қалмайды екен.Адамның қалыптасуына да оның балалығының қалай өткені әсер етеді деп ойлаймын.Қазіргідей барлық жағдайы жасалған өмір болмаса да , мен өз балалығыма, бала кезімде қасымда болған ата-анама, бауырларыма ризамын. Балаларымның өмірі өзгелеу, біздікінен жеңіл,қызықты болар.Бірақ бұл кезді өз балалығымның бір күніне де айырбастамас едім. Қара сирақ ,жалаң аяқ күйімізде әр нәрсені армандап , жаңалық атаулының бәріне қызығып жүрген , ертеңгі күннен тек жақсылық күткен, қуансақ шын көңілмен қуанып, ренжісек,қара аспан төңкерілгендей, тығылып отырып,жылап алатын балалығым - ең қымбаттым өзің екенсің.